Әнуарбеков Жақыпбек Жылқыбайұлы

Әнуарбеков Жақыпбек Жылқыбайұлы, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша төрағасы.

1983 жылы 12 ақпанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ата-анасы мен әжесінің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған №1 мектеп-интернатында оқыды.

2004 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Юриспруденция» мамандығы бойынша сәтті аяқтады.

Өзінің еңбек жолын Жақыпбек Әнуарбеков жеке ұйымдарда заңгер ретінде бастады. «Jak Stroy» компаниясының директоры лауазымында кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосты. 2024 жылдың мамыр айынан бастап «Ремспецстрой» компаниясының директоры болып қызмет атқарады.

2016 жылдан бастап Жақыпбек Жылқыбайұлы қоғамда әкелердің мәртебесін көтеруге, отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін нығайтуға бағытталған қоғамдық қызметпен айналыса бастады. «Әкелер одағы» Қарағанды облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша қоғамдық бастамалар мен қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға белсене атсалысып келеді.

Үйленген, екі ұл, екі қыздың әкесі. Немересі бар.